Әділов Жексенбек Мәкейұлы

 Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ, Алматы қаласындағы № 75 орта мектепті, Қазақ политехникалық институтының инженерлік-құрылыс факультетін (үздік) және Мәскеу инженерлік-құрылыс институтының аспирантурасының күндізгі бөлімін бітірді. Ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациялар қорғады.
   Ғылыми-педагогикалық еңбек жолын Қазақ политехникалық институтында бастады, одан соң аспирантураны бітіргеннен кейін Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясында жұмыс істей отырып, ассистенттен профессорға дейінгі еңбек жолынан өтті. 1986 жылдан 1990 жылға дейін құрылыс факультетінің деканы болып қызмет істеді. 1990 жылдан 2000 жылға дейін «Құрылыстағы менеджмент» кафедрасы мен «Құрылыстағы менеджмент және бизнес» факультеттерін бір уақытта басқара отырып, мамандар даярлауда - бизнес-білім және инженерлік даярлыққа ықпалдастықтың жаңа бағыттағы бастаушысы мен ұйымдастырушысы болды.
   2000 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік жанында «Мемлекеттік қызметкерлерге ұлттық оқыту орталығын құру» жобасы бойынша Дүниежүзілік банктің ұлттық кеңесшісі және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясында курс жетекшісі ретінде жұмысқа шақырылды.
   2001 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мемлекеттік қадағалау және ақпараттану департаментінің директоры ретінде мемлекеттік қызметке орналасты.
   2004 жылы конкурс бойынша Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды.
   2008 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкімімен Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры болып тағайындалды.
   Ж.М.Әділовтің ғылыми қызметі тұрақты даму үлгісіне өту мақсатындағы күрделі әлеуметтік-экономикалық жүйелерді басқарудың теориялық негіздерін игеру мәселелеріне арналған. Ол 2015 жылға дейін Қазақстан Республикасындағы Білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі мен Білімді дамыту концепциясы, Алматы қаласының төңірегінде технопарк құру жобасы, елдегі құрылыс кешенін қайтадан жасау және әрі қарай дамыту концепциясы авторларының бірі.
   Профессор Ж.М.Әділовтің ғылыми-педагогикалық қызметі тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де белгілі және кеңінен танымал болды. Ол 120-астам ғылыми-әдістемелік жұмыстардың, соның ішінде 7 монография мен 11 оқу құралының авторы, он төрт ғылым кандидатын дайындады, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Швейцария, Жапония, Турция, Гонконг, Малайзия мен Сингапурдағы халықаралық конференциялар мен семинарларда баяндамалар жасады.
   Ж.М.Әділов – ҚР Ұлттық ғылым академиясының Жер туралы ғылым бөлімінің құрметті академигі және төрағасы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының, Қазақстан Жаратылыстану ғылымдары ұлттық академиясының, Халықаралық инженерлер академиясының, Халықаралық жоғары мектеп академиясының және Халықаралық ақпараттану академиясының академигі.
   Республикадағы ғылым мен жоғары білімнің дамуына қосқан зор үлесі үшін Ж.М.Әділов үкіметтің көптеген марапаттары мен сыйлықтарына ие болды. Ол – «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Президентінің екі алғыс хатына ие. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» және «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «ҚР Құрметті білім қызметкері», «Ы.Алтынсарин», «Шығыс Қазақстан халықтарының тарихи, мәдени және рухани мұрасын дамытуға қосқан үлесі үшін», «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» және тағы да басқа көптеген кеуде белгілерімен марапатталған. Ол сонымен қатар шетел мемлекеттерінің ордендерімен және медальдарымен марапатталған.
   Ж.М.Әділов – «Нұр-Отан» ХДП мүшесі, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болып сайланып, экономика, бюджет және аймақтық даму жөніндегі комиссияның төрағасы болды. Туссон қаласының (АҚШ) құрметті азаматы.